Кіріспе.
Зерттеу тақырыбының өзектілігі: Бізге ата-бабаларымыз өздерінің бірнеше мыңдаған жылдар бойы сақтаған салт-дәстүрін, киім кию мәдениетін, ғажайып өркениетін мұраға қалдырып кетті. Осы ата-бабаларымыздың өткен тарихы, олар жасап кеткен дүниелер күні бүгінге дейін маңызын жоймай, мұрагер біздің қызығушылықтарымызды тудырып отыр. Ертедегі көшпенділердің салт-дәстүрі бүгінгі күнде басты маңызға ие.
Мақсаты: Тамыры тереңде жатқан ежелгі салт-дәстүрдің құпиясын ашу; халықтың ежелгі қолданбалы өнерінің маңызды бөлігі ою-өрнек екенін дәлелдеу.
Нәтижесі: Өткен өмірсіз қазіргі және болашақ өмірдің болуы мүмкін емес екендігіне көзім жетті; тарихымыз бен мәдениетімізді танып білдім; өрнектердің сыры мен құпиясын зерттей отырып қазақ халқының талғамы мен өнер мәдениетінің биіктігі жайлы дерек алдым.
Өрнектердің сыры.
Ою-өрнек сөздерінің мағынасы-бір нәрсені ойып, кесіп, қиып алып немесе екі затты оя кесіп қиюластырып, біріктіре жасау, бір заттың бетіне ойып бедер түсіру деп жазылған. Ою-өрнектер тігу, құрау, құрал-саймандарды, зергерлік бұйымдарды, киіз үйдің сүйегін, ағаш кереует, сандық, кебеже, кілем, сырмақ, алаша, қоржын, ши, түрлі басқұрлар, ыдыс-аяқ, бесік, текемет, көрпеше, жүкаяқ беттерін, киім-кешектерді, қабырғаларды әшекейлеп безендіру үшін жиі қолданылып отырған екен.
Бүгінгі күнге дейін өнер танушы ғалымдар қазақтың ою-өрнегінің 230-дан астам түрін тауып, 7 топқа жіктеп, ғылыми тұрғыдан анықтама берген көрінеді.
Әлкей Марғұлан ою-өрнектерді төрт топқа бөледі. Олар: космогониялық, зооморфтық, өсімдік тәрізді, геометриялық өрнектер. Космогониялық өрнектер-күн көзі, күн сәулесі, шыққан күн, ай гүл, ашық гүл ағаш өңдеу өнерінде, ер-тұрман жабдықтарына жиі қолданылған екен. Олар туралы Марғұлан: «Жұлдыз гүл, жұлдыз өрнек, топ жұлдыз өрнектерімен халқымыз сырт киімдерін әшекейлеген»,-дейді. Космогониялық өрнектер ғарышпен байланысты жұлдыздарды, күнді, айды, жарты айды және кемпірқосақты бейнелейді делінген. Бұдан қазақтардың ғарыш пен әлем құпиясына қызыққан, арманшыл халық екенін көреміз. Олардың киіз үйде тұруының себебі де осы болар. Бұл баспана бұрышы жоқ, жер шары секілді. Төбесінің дөңгелене жасалынуы-асапан, ал едені-жер, шаңырақ жердің кіндігі сияқты. Табиғаттың өзі өмірдің талай құпияларын үйретіп, қазақтарға ою-өрнектің космогондық түрлерін тарту еткен екен. Табиғат аясында өмір сүрген көшпелі қазақтарды түні бойы неше түрлі ою-өрнектер құраған жұлдыздардың ғажайып әлемі көмкеріп тұрған.
«Мүйіз» өрнегінің түрлері мен атаулары өте көп. Мүйіз сындас өрнектердің мәнерлеріне қарай «қошқармүйіз», «өркешмүйіз», «арқармүйіз», «қосмүйіз», «аймүйіз», «сыңармүйіз», «қыңырмүйіз», «сынықмүйіз», «сыңарөкше», «сырға», «төртқұлақ» т.с.с. байырғы түрлері мен атаулары бар екенін зерттеу барысында білдік. «Мүйіз өрнектер» негізінен барлық қолөнер түрлеріне пайдалана беретін « қораң қойға толсын, дастарқаның дәнге толсын, пәледен, жыртқыш аң-құстан мал-басың аман болсын» деген бақыт-байлық тілеген мазмұнда беріледі екен.
«Қосмүйіз»-бұл бұғы мүйізін негіз еткен ою түрі. Оюдың бұл түрін сәукелеге, айыр қалпақтың төбесіне, шетіне, қамзолдың алдыңғы жағына, етіктің қоншына салатынын әжемнен сұрап білдім. Сонымен қатар бақыт-береке, байлық, мал-жанның көбеюі сияқты символдық мәні бар. «Арқармүйіз», «сыңармүйіз», «қошқармүйіз», «қыңырмүйіз» оюлары да киім-кешекте жиі қолданылатынын білдік.
«Қошқармүйіз»-формасы қойдың төбесі мен екі жаққа иіріле түскен мүйіз тәрізденіп келеді де, кейде осы мүйіздің қолтығында қойдың құлағын долбарлаған шолақ мүйіз тәрізді тағы екі буын тұрады екен.
Киіз үйдегі басқұрлар «қазмойын» және «шынжара» өрнектерімен әшекейленген. «Шынжара»-бұл өрнек пәле-қазадан сақтайтын тұмар тәрізді. Мұнда ынтымақ, береке арқылы тосқауылдың бетін қайтаруды меңзейді екен. «Қазмойын»-әдемі мойынды тұспалдайтын көрінеді. Бұл өрнекті көбіне әйелдер көйлегінің өңірлеріне cалып, табиғаттың ерке құсы сынды еркіндікті, сұлулықты тілейді екен.
Ал зооморфтық ою-өрнектер туралы Ә.Марғұлан «тұрмыс-тіршілігі негізінен мал шаруашылығы болғандықтан қазақ ою-өрнегінің негізгілері жануарлар бейнесі, малдың тұяғы, мүйізі, құстардың қанаты, іздері ұғымдарымен тығыз байланысты» деген. Сондықтан болар арқар, киік, қасқыр, ат, түйе, бүркіт сияқты аң-құстар, жануарлар бейнесі ою-өрнектерде жиі кездеседі. Зооморфтық ою-өрнек түрлеріне қос мүйіз, төрт мүйіз, сыңар мүйіз, сынық мүйіз, бұғы мүйіз, бота мойын, қос алқа, түйе табан, түйе өркеш, бота тірсек, тышқан құлақ, құс тұмсық, қаз аяқ, омыртқа, қабырға, айыр бақай, аша тұяқ, ит із, жылан бас, тырнагүл т.б. жатады.
Ою-өрнектерді құрастыру үшін шеберлер өсімдіктер мен гүлдердің суретін қолданған көрінеді. Осындай өрнектер әлем халықтарының мәдениетінде көп кездеседі. Өсімдікті оюлар қазақтың қолданбалы шығармашылығында лайықты орын алады. Олар-жапырақтар, жапырақшалар, үш жапырақты өсімдіктер, бітеугүлдер және гүлдер болып табылады екен.
«Жүрекше»-жүректің негізгі қасиеті адалдық, сыпайылық деп ұғатын халқымыз бұл өрнекті ұлқыздарына, сүйген жарларына ұсынатын қастерлі бұйымдарға салып, сағыныштарын аңғартатындай тілектерін білдіреді екен.
«Ағаш»-өрнегі ағаштың тамыр тартып бүрлеуі сынды қасиеті негізінде үрім-бұтақты болып, тамыр тартып, іргелі елге айналуды тілек етіп, бас киім, қару-жарақтар сынды бұйымдарға салынатын өрнек екен.
«Жапырақ»-әйелдер тұтынатын киімдерге түсіретін бұл өрнек жапырақша жайылып, жасарып, ашық жарқын, мейірімді болсын деген тілекпен салынатын көрінеді
«Үшжапырақ»-шапан, күрте сияқты киімдерге түсірілетін бұл өрнек үш жапырақты гүл өрнегі, қырмызы атқан көркем гүлдің үш құлақ болып ашылған жапырағы оның қасиетін арттырып тұратынын ескеріп, гүлдей құлпырып, өз қасиетіңді сақта, өзіңді аяла, абайла деген мағынаны нышандаған көрінеді.
Геометриялық өрнектерді ромбылар, иректер, жұлдызшалар, үшбұрыштар және көпбұрыштар құрайды екен. Қазақ ою-өрнегінің геометриялық түрі көшпелі халықтарға байырғы заманнан-ақ нақты сандармен грек математигі Пифагор заңдарының белгілі болғаны туралы мағлұмат алдым. Өйткені, біздің ата-бабаларымыз тек көшіп-қонып қоймай, сонымен қатар ірі қалаларда өмір сүрген. Олардың арасында қолөнершілер, саудагерлер, құрылысшылар көп болған екен.
Геометриялық ою-өрнектер көбіне ағашты көркемдеп өңдеуде, үй-іші мен жиһаз бұйымдарын, музыкалық аспаптар мен аңшылық саймандарды әшекейлеуде қолданылыпты.
Геометриялық ою-өрнектердің соңғы жақтары сопақ жұмырланған қисық сызықтар сынығынан екен. Олар ирек деп аталатынын білдім. Ирексудың шегі болуы мүмкін. Олармен бешпеттерді, қамзолдарды, шапандарды және тақияның жиегін сондай-ақ сақина, білезік, қапсырма, алқа секілді зергерлік бұйымдарды, ши тоқымаларын, сырмақтарды, кебежені, жүкаяқтарды, ыдыс-аяқ пен киім-кешектерді әшекейлеген екен.
«Сүйір өрнек» тұмарлық қасиетке ие делінген. Бұл өрнек-көбінесе, ағаш материалдарға түсіріліп (тіл, сұқ сияқты ұшықтан сақтасын) деген тілек бейнеледі екен. Бұдан көбінде жер, көк және адамның көз, мұрын бейнелері түсірілетінін білдік.
«Ирек өрнегі» көбінесе етіктің қонышы, шалбардың балағы сияқты бұйымдарға түсіріледі, бұл пәле-жаладан қорғайтын тұмар тәрізді мағынасы бар оюдың түрі болып табылады.
«Төртүшкіл»-бұл жұлдыздардан алынған өрнек, жеңіл киімдерге, ыдыс-аяқтарға салынады екен. Мағынасы «төрт түлігің сай, керегең кең, берік, төрт төңірегің толық болсын» деген.
Қорытынды: Мына соңғы үогіде тігілген қалыңдық киімі көз тартарлықтай. Қазіргі жастар ұлттық үлгідегі киімдерден көрі жаңа заманға сай киінгенді жөн көреді. Өрнектердің сырын аша отырып қазақ оюөрнектернінің маңызын қазіргі жастардың санасына жеткізу керек деп ойлаймын. Мектеп формасын «шынжара» оюөрнегімен әшекейлесе деген тұжырымға келдік.